Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин баяндама барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында облыста комплаенс-қызметтер жүйесі белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта комплаенс мәселелерімен айналысатын 98 маман жергілікті және орталық органдарда жұмыс істейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс – квазимемлекеттік сектор субъектілері мен оның қызметкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі функция.
Департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды оңтайландыру үшін әдістемелік ұсыныс әзірлеп, семинарлар өткізген және 554 нормативтік құқықтық актілерге талдау жасаған. Сондай-ақ, 50-ден астам квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинарлар ұйымдастырған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов өз сөзінде тоғыз ай ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мониторинг пен бақылау нәтижелері туралы есеп берді.
Есепті кезеңде мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша жүргізілген 20 бақылау іс-шараларының нәтижесінде 5 126 құқық бұзушылық анықталып, оның 23,7% - ы жергілікті атқарушы органдарға жатады. Тәртіптік жауапкершілікке құқық бұзушылық жасаған 64 қызметкер тартылған.
Әкімшілік кодекстің 465-бабына сәйкес департамент зерттеулер жүргізіп, 12 Әкімшілік хаттама жасады. Осылайша, мемлекет пайдасына жалпы сомасы 603 750 теңге айыппұл өндірілді.
Шағымдардың ең көп бөлігі жер қатынастарына тиесілі жалпы келіп түскен шағымның 42,4% – ы, сондай-ақ 24,2% - сәулет және қала құрылысы салаларына қатысты. Сәулет саласындағы шағымдарды қарағаннан кейін департамент 4 әкімшілік іс қозғап, айыппұл өндірді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет басшысы ашықтық талаптарын арттырып, бюрократияны төмендетуге ықпал ету үшін деректер базасын интеграциялауға және мемлекеттік қызметтерді жедел цифрландыруға ерекше назар аударуды тапсырды. Біздің өңірдің стратегиялық дамуы адалдық, тиімділік және жоғары стандарттарға сәйкестік қағидаттарымен тығыз байланысты және біз осы қағидаттарға сай болуымыз керек. Бұл біздің міндеттемеміз ғана емес, мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыруға қосқан маңызды үлесіміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті айтарлықтай жұмыс атқарды, бұл халық арасында ақпараттық іс-шаралардың ұйымдастыру мен тиімділігін арттырудың маңызды бөлігі болды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.