Туризм және спорт Вице-министрі Мирас Тулебаев Кендірліге іс-сапармен келді. Жиын барысында Кендірлі ауылының даму жоспары мен болашақ қалашықтың жобасы таныстырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келешек Кендірлі қалашығының жобасымен қатар осы аумақтағы демалыс аймақтарын дамыту тұжырымдамасы туралы да айтылды.
«Кендірлі теңіз жағалау аумағын Жаңаөзен қаласының әкімшілік-аумақтық бағынысына алу – арақашықтықты қысқартып, әкімшілік-тұрғыдан жедел басқаруға және бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ логистикалық байланыстың тиімділігін арттырады деп күтілуде»,- делінген Жаңаөзен әкімдігінің хабарламасында.
Бұдан бөлек алдағы уақытта Кендірлі ауданын құру маңыздылығы туралы да айтылды. Оның құрамында Жаңаөзенге қарасты 4 және Қарақия ауданына қарасты 5 ауылды қосу жоспарланған.
Жиын соңында Вице-министр Мирас Қалиұлы Кендірлі демалыс аймағының Маңғыстау өңірі бойынша туризм саласын дамытудың ең қолайлы және ең маңызды жобасы екенін алға тартып, өзінің тарапынан барлық шараларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Ол үшін қала, облыс бойынша атқарушы органдар тарапынан бастама құжаттарын тездетіп аяқтап, ресми түрде Туризм министрлігіне жолдау қажеттігін және Кендірліден туризм саласын дамыту мәселесі министрлік тарапынан күн тәртібінде болатынын жеткізді.