Қазақстанда сексеуілдің үш түрі яғни, ақ, қара және Зайсан сексеуiлi өседі. Ал Маңғыстауда тақыр жерде өсуге бейім қара сексеуілді кездестіруге болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сексеуіл топырақ тоқтатуда үлкен қызмет атқарады. Мәселен 1 түп сексеуіл 4 тонна құмды қозғалтпай ұстап тұра алады.
Бұл өсімдікті қорғаныш ететін жануарлар мен жәндіктер аз емес. Әсіресе түз тағысы киіктердің өсіп-өнуіне өте қолайлы. Сексеуіл Қазақстандағы орман қорының 48 пайызын алып жатыр.
- «Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерінде табиғи түрде өскен сексеуіл жоқ. Бірақ мекеме сексеуілді қолдан егіп, жыл өткен сайын көбейте түсуде. Сексеуіл сәуірден маусымға дейін гүлдеп, қыркүйекте тұқым беріп бастайды. Қазан айының 10 мен 20-сы аралығында піскен тұқымды қолмен жинап, кептіріп, сапасын анықтап себуге дайындалады. Қараша айының ортасында алдын ала жыртылып, малалап дайындалған жерге сексеуіл тұқымы арнайы техникалармен себіледі, - дейді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.
Қара сексеуіл ылғалы жеткілікті ортада да, жер асты суы көп тереңдікте орналасса да өсе береді. Сондай-ақ тақыр жерлерде де өсуге бейім. Сексеуілдің құрамында құрғақ күйінде 10,1-15,3% протеин, 16,6-30,3% күл, 9,1-25,1% жасұнық, 1,6-2,3% май, 30,1-40,1% азотсыз экстративті заттар болады. Ол ақ сексеуілге қарағанда жуандау әрi iрi келедi. Оның өсу биiктiгi көбiне 7 метрге дейiн жетедi. Ал тамыры 11 метрден аса тереңдiкке кетедi. Алыстан қарасағанда қалың жынысты орман тәрiздi көрінеді. Сексеуіл қыста қар тоқтатып, топырақта ылғалдың сақталуына және мал жайылымына қажетті шөптердің өсуіне көп пайдасын тигізеді.