Бұл туралы Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұқаш Оралбайдың айтуынша, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік гранттар аясында іске асырылатын барлық жобалар имидждік іс-шаралардан емес, жастарға арналған нақты әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған.
Маңғыстау жастарына арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 212,2 млн теңге қарастырылып отыр.
- Аталған қаржыландыру есебінен өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жастарға арналған 20 әлеуметтік жоба жүзеге асырып, 40 мыңға жуық жасты қамтиды деп жоспарланған. Аталған қаражатқа елді мекендердегі жұмыссыз және NEET санатындағы мемлекеттік қолдау шараларына тарту, ерекше қажеттілігі бар жастардың кәсіп ашуын ынталандыру арқылы әлеуметтендіру, жастар арасындағы суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған психикалық денсаулықты нығайту бағдарламасын іске қосу, ауыл-аймақтарда шағын коворкинг желісі ашылмақ. Сонымен қатар, жастар арасындағы наркомания мен лудоманияға қарсы іс-шараларды қабылдау, жастар арасындағы креативті индустрияны дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру, жастарға арналған медиа өнімдерді әзірлеу және т.б. ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылады, - деді Мұқаш Оралбай.
Айта кетсек, биыл алғаш рет аймақтағы NEET санатындағы және жұмыссыз жастарды әлеуметтендіру мақсатында ауқымды әлеуметтік жоба іске асырылады. Аталған жоба аясында аймақта 450 жас кемінде 5 заманауи мамандықты меңгеруге, білікті бизнес сарапшыларының кәсіп ашу бойынша тегін консультацияларын алуға, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат алуға, қаржылық және құқықтық, психологиялық семинар-практикумдардан өтуге мүмкіндік алады.
Мемлекеттік грант есебінен аймақтың кемінде 3 ауылында коворкингтер пайдалануға беріліп, ерекше қажеттілігі бар жастардың кәсіп ашуын ынталандыру үшін қаржылай емес гранттар мен студенттердің бастамалары үшін 10 шағын грант, волонтерлік бастамаларды іске асыру үшін 15 шағын грант ұсынылған.
Маңғыстаудағы жастар ресурстық орталығының жетілдіру бойынша 5 бағыт, 30 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Жоспарға сәйкес жастар ресурстық орталықтарының қызметін біріздендіру, жастардың қаржылық, құқықтық, цифрлық және ақпараттық сауаттылығын арттыру, «бір терезе» қағидатына сәйкес жастарға консультациялық кеңес беруін ұйымдастыру бойынша нақты индикаторлар бекітілген.