Маңғыстауда Республика күнін жоғары деңгейде атап өту мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес облыс көлемінде 50-ден астам шара жоспарланған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ақай Мусалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Республика күнін кеңінен насихаттау бағытында республика көлемінде «Republic Day» акциясы өткізілуде. Акцияның мақсаты – елде және шетелде тұратын қазақстандықтардың басын біріктіру, жалпыұлттық ынтымақ пен бірлікке шақыру. Акция аясында әлеуметтік желіде экономиканың барлық саласында қызмет ететін әр түрлі ұлт өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, дәрігерлер, спортшылар, жастар арасында бейнеқұттықтаулар жариялау бойынша челлендж ұйымдастырылып жатыр,- деді Ақай Мусалиев.
Сонымен қатар «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық акциясы аясында өңірдің жастары арасында, білім беру ұйымдарында мемлекеттік Әнұранды орындау, мәнерлеп оқу конкурстарын, үйлердің алдыңғы беттері мен терезелеріне мемлекеттік Туды орналастыру бойынша жаппай флэшмобтар ұйымдастырылуда.
Волонтерлік және ерікті ұйымдар арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін «Жанашыр жүрек» халықтық акциясы басталды. Қайырымдылық идеясын іске асыруға жергілікті бизнес-қоғамдастықтар, демеушілер, меценаттар атсалысады.
Мереке қарсаңында 18-19 қазан күндері «Оғыланды Бекет ата» қоғамдық қоры тарапынан тұрмыстық жағдайы төмен Жаңаөзен қаласының 7 отбасына және Қарақия ауданынан 6 отбасына жаңа пәтердің кілті табысталды. 22 қазан күні мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Өнерлі ана мен бала» фестивалі өтеді.
20 қазан күні Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттің болашағы - қазақ тілінде» мәнерлеп оқу сайысы өтеді. Мереке аясында салт-дәстүрді насихаттау бағытында Ақтау қаласында «Этно күн» шарасы, ұлттық ойындар жарысы «Алтын сақа», этно мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тұғыры биік туған жер» концерттік бағдарламасы, Бейнеу ауданында тай жарысы, Маңғыстау ауданында «Құсбегіліктен» тұңғыш ашық облыстық турнир және басқада спорттық шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ өскелең ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарау, экологиялық тәрбиеге шақыру бағытында «Таза табиғат» атауымен жаппай экологиялық науқан өткізіледі. 21 қазан күні «Green City Aktau» ЖШС тарапынан Ақтау қаласында ағаш отырғызу акциясы өтпек. Атаулы мерекенің қарсаңында Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау, Түпқараған және Мұнайлы аудандарында жаңа спорт кешендерін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ Мұнайлы ауданында 3 жеке меншік балабақшаның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жаңа медициналық орталық ашылады.
Республика күніне орай тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 41 мерекелік баннер және басқа да сыртқы көрнекілік құралдары орналастырылды.
- Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту – бұл ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символы. Осы орайда өңір тұрғындарын Республика күніне орай өтетін шараларға қатысып, белсенділік танытуға шақырамыз!- деді Ақай Мусалиев.