Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 4-орталық сумен жабдықтау торабының магистральдық ауыз су құбырында апаттық жөндеу жұмыстарын тексеру барысында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
-Кешеден бері бізде магистралдық 700 мм құбырда ақау шығуына байланысты сумен қамтуда күрделі мәселелер болды. Соның ішінде кеше бірнеше шағын ауданға су тарту мүмкіндігі болған жоқ. Қазір біз «4-орталық сумен жабдықтау торабында» тұрмыз. Қазір осы жерде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Кешкі 18:00-ге дейін жөндеу жұмыстарының барлығы бітіп, халықты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Келтірілген қолайсыздықтар үшін сіздерден кешірім сұраймыз,- деді Ақтау қаласының әкімі.
«Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов қай шағын ауданда су уақытша тоқтатылғанын айтты.
-Жөндеу жұмыстары қазіргі уақытта аяқталуда. Жарты сағаттан кейін құбырды толтыруға қоямыз. Содан кейін сорғы(насос) қосып, су беру қалыпқа келтіріледі. Қазіргі уақытта 16ш/а бастап 20ш/а дейін, сондай-ақ 31, 32, 33, 34, 35, 38 шағын аудандар, «Толқын - 1,2», «Шығыс - 1, 2, 3», «Самал-2» ш/а-ларында ауыз су уақытша тоқтатылды, - деді «КЖСА» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов.
Қала әкімі аталған шағын аудандарда күрделі мәселелер бар екенін айтып, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екенін жеткізді.
-Су мәселесі шешіледі. Жалпы тұрғындар жаз бойы не жасадыңыздар деп сұрайды. Жаз бойы жауапты мекемелер жүйелі жұмыстарды жүргізді. Бірақ қысымды көбейткен сайын тозығы жеткен кейбір құбырларда ақау болуына байланысты сумен қамтамасыз етуде шектеулер болып жатыр. Бұл үшін де кешірім сұраймыз. Су берілген кезде «Маңғыстау облысының әкімдігі телеграм чатына» хабарлама береміз, - деді қала әкімі.