Маңғыстауда демалыс күндері 150-ден астам жасөспірімнің заңды өкілі жауапқа тартылды. Ал 37 ата-ана әкімшілік кодекстің 127-бабымен жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, онға жуық жеткіншек кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаменті мәлімдеді деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәмелетке толмағандармен орын алатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, олардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету бағытында полиция қызметкерлерімен ұдайы негізде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Жасөспірімдердің жүріп-тұруы, қоғамдық тәртіпті сақтауы полицияның жіті бақылауында.
Осы ретте облыста полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне жұмылдырылып, демалыс күндері рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Іс-шараға білім беру басқармасының өкілдері мен өңірлік мәслихат депутаттары қатысты.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы қызметкерлерімен қоғамдық орындар, компьютер клубтары және ойын-сауық мекемелері тексеріп, бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады.
Осылайша, үш күн ішінде Маңғыстау облысында барлығы 186 әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркелді. Басым бөлігі ҚР ӘҚБтК-тің 442-бабында көзделген талаптарды елемеудің салдарынан орын алған.
«Бала тәрбиесі мен оның тәртібіне, ең алдымен, ата-ана жауапты екендігін естен шығармаңыздар. Сіздерден салғырттық танытпау сұралады. Түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жүрген жасөспірім келеңсіз жайттарға тап болмауына кепілдік жоқ. Тәрбие отбасынан басталады!»,- делінген полиция департаментінің мәлімдемесінде.