20 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Yessenov университетінде облыс әкімдігі жанынан құрылған ғылыми кеңестің алғашқы отырысына қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғылыми кеңес - Президенттің тапсырмасымен, өңірдің өзекті мәселелерін ғылыми негіздеме мен тұжырымдамаға сүйене отырып шешу мақсатында құрылған.
Кеңес отырысына өңірдің ғылыми қауымдастық өкілдері мен ірі өндірістік кәсіпорындардың басшылары қатысты.
- Ғылымсыз, ғалымдарсыз көп қателікке ұрынған жағдайлар болды. Бұл туралы Президентіміз де әрдайым айтып жүр. Каспий теңізі жағасында орналасқан өңірімізде балық шаруашылығы әлі жолға қойылмай тұр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, ауыз су мәселелері өкінішке орай, әлі шешілген жоқ. Міне, осындай бірнеше бағытты таңдап алып, Маңғыстау ғалымдарымен шектеліп қалмай, бюджеттен қаражат бөліп, халықаралық ғылыми тәжірибесі бар шетелдік ғалымдармен байланыса отырып, өлкеміздегі өзекті мәселелерді шешуге жұмыстануымыз қажет, - деді өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын барысында Маңғыстау облысының әкімдігі, Yessenov университеті мен “Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі” ЖШС арасында Каспий теңізі аквашаруашылығы ғылыми-қолданбалы орталығын ашу бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай университет аумағында салынып жатқан «Yessеnov Technopark», «Жастар паркі», «Трибуналы стадион» және Теңіз академиясының жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты.