"2024 жылға арналған терроризмге қарсы ведомствоаралық оқу-жаттығуларды, жаттығулар мен эксперименттерді өткізудің жалпы республикалық жоспар-кестесіне" сәйкес терроризмге қарсы күрес жөніндегі теңіз жедел штабы теңізде жаттығу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Otan Saqshysy ведомстволық басылымына сілтеме жасап.
Оқу-жаттығудың мақсаты – бағынысты бөлімшелерді басқарудағы барлық дәрежелі басқару органдарының практикалық дағдыларын арттыру, оларды әртүрлі жағдайларда қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде оңтайлы, ерекше шешім қабылдауға үйрету. Жаттығу сценариіне сәйкес, "террористік топтың" мүшелері азаматтық кемені басып алып, экипажды кепілге алды. Теңіз жедел штабы қысқа уақытта қалыптасқан жағдайға баға берді, террористерді бейтараптандыру және кепілге алынғандарды босату жөніндегі терроризмге қарсы операцияны жоспарлап, жүзеге асырды.
Оқу-жаттығуларға ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзетінің күштері мен құралдары, әскери-теңіз күштері, қорғаныс ведомствосының арнайы операциялар күштерінің бөлімшесі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды. Оқу-жаттығу жетекшісінің орынбасары бірінші дәрежелі капитан Данияр Мальчубаев оқу-жаттығудың барлық қатысушыларының іс-әрекеттеріне оң баға беріп, олардың теңіз кемесінде терроризмге қарсы іс-шараларды өткізуге дайындығының жоғары екенін атап өтті.
– Бұл жаттығу біздің жедел топтарымыздың ең қиын және күтпеген жағдайларға дайын екенін көрсетті. Әр түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл жоғары деңгейде болды. Біз өз дағдыларымызды жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз", - деп түсіндірді офицер.