Облыста наурыз мерекелеріне орай барлығы 189 іс-шара ұйымдастырылады, оның ішінде 21-23 наурыз аралығында 53 шара өтеді. Бұл туралы МО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, мерекеге арналған іс-шараларды дайындауға және оларды өткізуге барлық мемлекеттік құрылымдар, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер, жастар ұйымдары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, барша халық барынша тартылады.
- Негізгі мерекелік шаралар 22 наурыз күні өтеді. Киіз үйлерде тақырыпқа сай ұлттық ойындардан жарыстар, қолөнер бұйымдарынан көрме, шеберлік сабақтары т.б. іс-шаралар өткізіледі, - деді Гүлзайда Төлеуғалиева.
Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы және өзге де аудандарда «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!» атты аудандық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілмек. Онымен қоса, Ақтау қаласында арнайы іс-шаралар жүзеге аспақ.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали биылғы Наурыз мейрамы ерекше тойланатынын жеткізді. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешіміне сәйкес Ақтау қаласы 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілді. Сондықтан келесі жылғы үлкен шаралардың дайындығы мен бастауы осы Наурыз мерекесінен бастау алмақ.
- Қала көшелері, ғимараттар Наурыз мерекесіне сай безендіріледі. Медиа-жоспар жасақталып, баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде Наурыз бағдарламасы жарияланады. 21 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де Амфитеатр сахнасында Абай мәдени-демалыс кешенінің «Алтыбақан» бағдарламасы ұйымдастырылады. 22 наурыз күні әдеттегідей Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында киіз үйлер қалашығы құрылады. Онымен қоса, киіз үйлерде тақырыпқа сай ұлттық өнер, ұлттық ойындардан жарыстар, қолөнер бұйымдарынан көрме, шеберлік сабақтары т.б. іс-шаралар өтпек. Сондай-ақ, 12.00-де «Бастаңғы - бақыт бастауы» атты шара басталып, 19.00-де қала өнерпаздарының мерекелік концерті және мерекелік шаралар от шашумен аяқталады, - деді Нұртас Сали.
Айта кетейік, осы орайда барлық қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік шараларға белсенді қатысу арқылы салтымыз бен дәстүрімізді насихаттауға шақырамыз!