Ақтау қаласындағы сауда орталықтарының бірінде ұлттық киімдер шеруі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қала әкімі жанындағы аналар кеңесі, ұлттық киім тігетін сән үйлерінің бірі «Jadagay» бренді, қоғамдық бірлестік өкілдері, «Колибри» арт-студиясы, қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысты. Мерекелік шеру Наурызнама онкүндігі бойынша 18 наурыз - Ұлттық киім күніне орай өтті.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Наурызнама онкүндігінің тұжырымдамасы жасақталды. Онкүндік аясында қала аумағында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. 18 наурыз - Ұлттық киім күні. Осыған байланысты мерекелік шеру ұйымдастырылды. Аталған шара ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Мерекелік шеруге қатысқандар да өз пікірін білдірді.
- Бұл шараға мен балаларым мен немерлеріммен келдім. Жалпы өзім ұлттық киімдерді арнайы сән-үйлерінен арнайы тіктіртемін. Ұлттық киім, әшекей-бұйымдардың құндылығын немерелеріме де түсіндіріп жүремін. Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деймін. Баршамызға Наурыз мерекесі құтты болсын, - деді қала тұрғыны Меңсұлу Балшықбаева.