Биыл Маңғыстауда 1 шілдеден бастап «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қызметкерлер жаңа ережемен қабылданады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік мемлекеттік қызметке іріктеудің автоматтандырылған алгоритмін әзірледі. Бұл ретте конкурстық рәсімді өткізуде толық цифрландыруды көздейтін «eqyzmet.gov.kz» порталы әзірленді.
Сәйкесінше, конкурстық рәсімнің барлық кезеңдері онлайн түрде қашықтан (24/7 – әңгімелесуден басқа) өткізіледі, оған азаматтар әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында қатыса алады.
Жаңа іріктеу жүйесі пилоттық сынақтан 2023 жылдың 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда басталды. Сынақтан өткізу 2024 жылдың 1 ақпынан бастап қайта ұзартылып, мемлекеттік органдардың саны 22 ұлғайды.
Үміткерлерге мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде анонимділікті қамтамасыз ету үшін ID-нөмір беру көзделген.
Сондай-ақ «адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін конкурс рәсімнің ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді. Осылайша, жаңа іріктеу форматына сәйкес конкурстың қорытындылары ақпараттық жүйемен дербес шығарылады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі есеге, яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Бұл ретте, азаматтар тестілеу залдарына бармай-ақ, өзіне ыңғайлы уақытта және кез келген жерде онлайн тапсыра алады.
Тестілеуде шекті мәнді еңсермеген қатысушылар тестілеуге үш күннен кейін және тестілеу тәртібін бұзған жағдайда бір айдан кейін қайта жіберіледі.
Тестілеуден сәтті өткен қатысушылар порталға тіркеліп, өздеріне қатысты деректер мен құжаттарды енгізе отырып, бос орындарға таңдау жасай алады. Яғни, мемлекеттік органға ешқандай құжат жолдамайды.
Осы орайда, қатысушылардың құзыреттері мен қабілеттерін бағалауына басымдық беретін жаңа іріктеу жүйесі келесі кезеңдерді қамтиды:
Біріншісі, жеке қасиеттерді бағалау. Бұл кезеңде жалпы 130 сұрақтан тұрады. Өту мәні жауаптардың растық деңгейі 50% кем болмауы тиіс. Қатысушылардың нәтижелеріне қарай 1-ден 2-баллға дейін беріледі.
Осы кезеңнен сәтті өткен үміткерлер екінші кезең мәтіндік және сандық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін бағалауға жіберіледі. Аталған кезеңде әрқайсысы 25 сұрақтан тұратын екі блокты құрайды, барлығы 50 тапсырма беріледі. Өту шегі барлық 50 сұрақтың 10 дұрыс жауабын құрайды.
Қатысушылардың көрсеткен нәтижелеріне қарай 1-ден 5-ке дейін балл беріледі.
Осы кезеңнен кейін үміткерлердің жалпы санының жартысы, бірақ кемінде үшеуі эссе жазу кезеңіне жіберіледі. Егер эссе жазу кезеңі қарастырылмаса, онда үш қатысушы әңгімелесуге жіберіледі.
Үшінші кезең - эссе жазу.
Бұл басшылық лауазымдар үшін (А-1, В-1, С-1, С-О-1, C-R-1,D-1, D-O- 1, D-R1, E-1, E-R-1, санатына) міндетті кезең. Өзге лауазымдар үшін осы кезеңді қарастыру мемлекеттік органның өзі айқындайды. Мемлекеттік органның кадр қызметі эссе тақырыптарының тізімін қалыптастырады, ол жүйеде орналасады және жүйемен кандидаттың жеке кабинетіне жіберіледі.
Эссені үміткер жүйеде онлайн режимде тәуліктің кез келген ыңғайлы уақытында, жүйемен айқындалатын кестеге сәйкес жазады және мемлекеттік немесе орыс тіліндегі екі жүз сөзден аспайды.
Осы кезеңде конкурстық комиссия қатысушыларға 0-ден 5-ке дейін балл аралығында бағалайды. Шекті мән кемінде 3 баллды құрайды.
Соңғы төртінші кезең мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу: Конкурстық комиссия құрамының үштен бір бөлігі бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда үш жыл жұмыс тәжірибесі бар бағалаушылардан тұрады. Әңгімелесу жүйемен үміткердің жеке кабинетіне жіберілген сілтеме бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізіледі. Үміткерге бос лауазым бойынша және алдыңғы жұмыс орындарының қызметтік функционалдық бағыттарына сәйкес жеке қасиеттері тұрғысынан жалпы сипаттағы сұрақтар қойылады.
Яғни, заңнамада көрсетілген нақты талаптар бойынша кәсіби сұрақтар қойылмайды. Әңгімелесу қорытындысымен конкурстық комиссия қатысушыларға 0-мен 3-балл арасында баға енгізеді. Нәтижесінде конкурс жеңімпазы барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша жүйемен анықталады.
Әңгімелесу кезеңіне жалғыз үмітер қатысып оның нәтижесі 1 баллдан кем болған жағдайда конкурс жеңімпазы анықталмайды.
- Осы жоба бойынша мемлекеттік қызметке қабылданған азаматтармен сұхбат жүргізу барысында қатысушылардың басым бөлігі шынайы бәсекелестікке жол ашатын, іріктеу кезеңдеріне ыңғайлы уақытта қатысуға мүмкіндігін беретін, рәсімдері толық цифрландырылған іріктеу жүйесі бойынша оң пікірлерін білдірген. Агенттік жыл соңына дейін жаңа іріктеу жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар өзгерістер енгізіп, оны келесі жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік органдарға енгізуді жоспарлап отыр, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменттінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.