Ақтаудың 12 шағын аудан тұрғындары үй аралап жүріп, діни уағыз жүргізетін адамдарға наразы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша, қолдарына планшет ұстаған адамдар келіп Құдай туралы, о дүние туралы сұрақтар қоюды әдетке айналдырған. Іле сол сұрақтарға өздері жауап беріп, сайттарын қарауды ұсынады екен.
Ашықтан-ашық жасалған үгіт-насихат жұмыстары тұрғындарды алаңдатып отыр. Діндарлардың осындай іс-әрекетіне куә болған жұртшылық әсіресе, балаларды өздеріне бет бұрғызып әкетеді ма деп қорқады.
Бейнежазбада 12 шағын аудандағы үйлердің бірінде уағыз ісін жүргізіп жүрген «Иегова куәгерлерін» көруге болады. Олар осылай 2-3 адам болып топтасып жүреді. Дін туралы емес, кейде тек тұрмысқа, отбасына қатысты сұрақтардан бастайды.
-Біз, 12 шағынаудан тұрғындары осы жайтқа наразылығымызды білдіреміз. Үнемі үй маңынан бейтаныс 2-3 адамды байқауға болады, олар әсіресе кешкі мезгілде жүреді. Балаларға да QR-кодтар таратып кеткен, кіріп қарасақ «Свидетели Иеговы» атты діни ұйым екен. QR-кодтың ішіне өтсек, сайтында діни уағыздары жарияланған. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Осыған байланысты полиция немесе өзге де орындардан бізді қорғауын, олардың тұрғындардың мазасын алмауын сұраймыз, - дейді тұрғындар.
Тұрғындардың айтуынша, олар тұрғындарды жиынға да шақырған, діни жиыны 8 шағын аудандағы кәсіподақ кеңсесінде өтеді.
Редакция құзырлы орындардан ресми жауап күтеді.