Бүгін Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбайдың төрағалығымен аймақ жастарына арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша кеңейтілген жиын өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға БҰҰ Даму бағдарламасының Маңғыстау облысы бойынша координаторы Артур Ахметов, басқарма ұсынған мемлекеттік грант алушы - үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты.
Жиында басқарма басшысы 2024 жылы аймақ жастарына арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 212,2 млн. теңге қарастырылғанын және аталған жобаларды сапалы орындау қажет екенін жеткізді.
- Аталған қаражатқа елді мекендердегі жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау шараларына тарту, жастар арасындағы суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған психикалық денсаулықты нығайту бағдарламасын іске қосу, жастар арасындағы наркомания мен лудоманияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру, жас ғалымдар мен стартаперлерді қолдау, ұлттық ойындар мен өнерді жастар арасында насихаттау, жастар арасындағы креативті индустрияны дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру, жастарға арналған медиа өнімдерді әзірлеу және т.б. ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобалар орындалады. Былтыр басталған аймақ жастарына арналған шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарын қолдау, жастар театрын дамыту, өндірістік мекемелерді жұмысшы жастарды қоғамдық өмірге тарту, пікірсайыс қозғалысын жандандыру, жастардың зияткерлік алаңдарын көбейту, волонтерлер мен волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша кешенді жұмыстар жалғасады, - деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.
Сондай-ақ мемлекеттік грант есебінен аймақтың кемінде 3 ауылында коуоркиңг пайдалануға беріліп, ерекше қажеттілігі бар жастардың кәсіп ашуын ынталандыру үшін қаржылай емес гранттар мен студенттердің бастамалары үшін 10 шағын грант, волонтерлік бастамаларды іске асыру үшін 15 шағын грант ұсынылады.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік гранттар аясында орындалатын барлық жоба имидждік іс-шаралардан емес, жастарға арналған нақты әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталып отыр.