Облыста кәмелет жасына толмаған 146 мыңнан астам бала жазғы демалыс және еңбекпен қамтылады. Оның ішінде 4800 мың бала ауылдық сауықтыру лагерлеріне жіберілсе, ауыл мектептерінен 1200 оқушы «Қазақстан халқына» қоры есебінен демалады. Бұл туралы Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
1 маусымнан бастап 159 мыңнан астам оқушы демалысқа шығады.
Маңғыстау облысының білім басқармасы 146 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын қамтуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
- Биыл мектеп жанындағы жазғы сауықтыру орнына аз қамтылған отбасы балалары мен оқу озаттары демалады. Сондай-ақ, Қарақия және Түпқараған өңірлерінде балалар үшін шатырлы жазғы демалыс ұйымдастырылады. Мектептерде мамандандырылған спорт үйірмелері болады, - деп атап өтті білім басқармасы.
Жазда Маңғыстауда үш саяжай лагері жұмыс істейді:
▪️ «Балдәурен» лагері Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде теңіз жағалауында орналасқан.
▪️ «Фламинго» лагері Ақтау қаласынан 33 шақырым жерде теңіз жағалауында орналасқан.
▪️ «Ақбөбек» лагері Жаңаөзен қаласындағы «Кендірлі» демалыс базасында орналасқан.
Маңғыстау облысының білім басқармасының мәліметінше, жазғы іс-шараларды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 675,9 млн теңге бөлінген. Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдары 1580 балаға 207 миллион теңгеге жуық қаржы бөлсе, 1500 баланың демалысына демеушілер тарапынан 225 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев балалардың жазғы демалысын және жұмысқа орналасуын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беруді тапсырды.
- Балалар демалысын қайда өткізсе де, яғни, қала сыртындағы немесе мектеп жанындағы лагерь болсын, санаторий немесе үйде болсын, біз бала үшін жазғы каникулдың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуіміз керек. Судағы қауіпсіздікке, балаларды тасымалдауға, демалыс орындарындағы тамақ сапасына және т.б. мамандандырылған мекемелер үшін жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс, - деді Нұрлан Ноғаев.