Жақында өткен Үкімет отырысында малдың қысқы жем-шөбін дайындау науқанының қорытындысы жария болды. Шөп пен жем дайындау бойынша олқылықтар еліміздің 4 өңірінде байқалып отыр. Оның ішінде Маңғыстау облысы да артта қалғандар аймақтар қатарына енген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шөп дайындау бойынша жоспар 99,6 пайызға орындалғанын атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алдағы қыста Маңғыстау облысының мал шаруашылығын толық қамтамасыз ету үшін 80 500 тонна шөп пен 25 500 тонна жем қажет көрінеді. Қазіргі уақытта таңда 80,2 мың тонна шөп және 25,2 мың тонна жем дайындалған.
«Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған және Қарақия аудандары бригадаларының күшімен шабындық алқаптардан 15,3 мың тонна шөп жиналды. Қалған 64,9 мың тонна басқа облыстардан жеткізілді. Бұл жоспардың 99,6 пайызын құрайды», - деп хабарлады облыстың ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің 464 субъектісі жалпы сомасы 817,7 млн теңгеге субсидия алған. Бұл ретте 719,7 млн теңге 463 ауыл шаруашылығы кәсіпорнына жем-шөп шығындарын өтеу үшін жұмсалды.
«Қазір облыс бойынша жалпы сомасы 1 миллиард 120 миллион теңгеге 582 АӨК субъектісінен өтінімі қаралып жатыр. Маңғыстау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 5/42 шешімімен 881,9 млн теңге бөлініп, төлем жүргізілуде», - деді басқарма өкілдері.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының шаруалары үшін 2023 жылғдың 1 қыркүйегінен 31 желтоқсанға дейін басқа аймақтардан темір жол көлігімен жем тасымалдау тарифтері 80 пайызға дейін төмендетіліп отыр. Жеңілдетілген тариф бойынша 3 200 тонна жем Жаңаөзен қаласына, Бейнеу, Қарақия және Маңғыстау аудандарына жеткізілді.