
7-12 - фастфуд әуесқойлары арасында ең танымал үйлердің бірі. Дегенмен Ақтаудағы осы үйдің айналасында тұратындар өз наразылықтарын білдіруде. Өйткені тұрғындарды осыған дейін бітпейтін шу мен түтіннің иісі алаңдатса, енді тұрғын үйдің жай-күйі мазалайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің негізгі қабырғалары, яғни көтергіш қабырғалардың бұзылуы олардың өміріне қауіп төндіреді. «Кафенің кеңейту үшін қабырғаларды алып тастау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», - деп есептейді олар.
- «7-12-дегі барлық кафелерді бақылауға алыңыз. Жақында үй құлауы мүмкін. Газ құбырлары тот басқан. Ал бірінші қабаттағы барлық көтергіш қабырғалар түгел алынып тасталған», - дейді тұрғындар.
«Осы ғимараттағы пәтерлердің тұрғындары шу, май мен түтін иісінен терезелерін аша алмай келеді. Енді міне қауіпсіздігіміз үшін де алаңдаймыз. Өйткені үй кез келген сәтте жермен жексен болуы мүмкін», – дейді үй тұрғыны.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті хабарлағандай, «SALAM BRO» иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің үш бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынды.
– 316-баптың 1-бөлігіне сәйкес – Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, объектiлердi және олардың кешендерін, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не сараптама жүргізу талап етілетін, белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу), 322-баптың 2-бөлігі –«Ғимараттардың берiктiгiнiң және орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн дәл сол әрекеттер , жеке тұлғаларға – 80, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 180 орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 250, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне - 500 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ 323-бапта - «Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, белгiленген тәртiппен пайдалануға берілмеген объектiлер мен кешендердi пайдалану” бойынша жіберілген заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым жіберілді,- деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік инспекциясы.
Ал аталған кәсіптік нысан иесі бұйрықта көрсетілген талаптарды орындамағандықтан, мемлекеттік орган ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдаған. Сот шешімі бойынша қосымша әкімшілік шаралар қабылданады, оның ішінде тіпті қызметті тоқтата тұру да қарастырылған.