Маңғыстауда көркем және эстетикалық гимнастикадан ҚР кубогы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа 12 облыстан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Маңғыстау облысынан 15 жеке спортшы, 6 топ бақтарын сынайтын болады. Өнерпаздарға 45-тен астам төреші баға береді.
Шараға Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, өңірлік көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы қатысты.
- Көркем және эстетикалық гимнастика бүгінде өңірімізде қарқынды дамып жатыр. Атап айтқанда, ҚР спорт шебері, ҚР спорт шеберіне үміткері атағын алған спортшыларымыздың саны күннен күнге өсіп жатыр. Сонымен қатар, олимпиада ойындарының қатарына жататын бұл спорт түріне МО дене шынықтыру және спорт басқармасының көзқарасы ерекше. Алдағы уақытта өзіміздің тарапымыздан әрі қарай дамытуға мүдделіміз, - деді Мақсат Мұқаш.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы бүгінгі жарыс спортшылар үшін жаңа тәжірибе болатынын айтып өтті.
- Қайырлы күн, құрметті спортшылар және спорт сүйер қауым! Көркем және эстетикалық гимнастикадан ҚР кубогына қош келдіңіздер! Бүгінгі тартысты дода спортшыларымыз үшін жаңа тәжірибе, жаңа орта қалыптастырады деген сенімдемін. Осындай жарыстар жас спортшылардың шыңдалуына әсер ететіні сөзсіз. 2024 жылдың алғашқы жарысында қатысушыларға тек қана сәттілік тілеймін!, - деді Аида Садатқызы!
Жалпы, Маңғыстауда бұл спорт түрімен 1200-ге жуық спортшы шұғылданады. Соның бірі – бүгінгі жарысқа қатысушы Айару Саламат. Жаңаөзендік гимнастшы 7 жаста. Ол көркем гимнастикамен 3 жасынан бастап айналысады. Жас спортшы тартысты додада топ жарып, алдыңғы орындарда көрінгісі келетінін айтты.
- Бүгінгі жарысқа 2 айға жуық дайындалдым. Бұл спорт түрін жақсы көргендіктен үйдегі кішкентай сіңіліме де үйретемін. Болашақта үлкен белестерді бағындырар спортшы болғым келеді, - деді Айару Саламат.
Айта кетейік, жарыс 3 күнге созылатын болады. Жеңімпаз атанғандар ҚР ұлттық құрамасына кіреді.