Ақтау қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы автокөлікте қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ақтау қаласының төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлижан Соспановтың айтуынша, автокөліктегі қауіпсіздік ережелерін сақтау қазір өзекті болып тұрған мәселе.
-Өрт – аса қатерлі жау, бұған бей-жай қарауға болмайды. Айтып келмейтін апаттардан сақтану да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Сондықтан ондай жаумен күресу үшін төрт қаруың түгел, сақадай сай болуың қажет. Бүгінгі таңда автокөліктерде өрт қауіпсіздік ережелері сақталмай отыр. Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету адамдардың өмiрi мен денсаулығын, меншiктi, ұлттық байлық пен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қызметтiң ажырамас бөлiгi. Көбінесе тілсіз жаудың шығуы, автокөліктің электрсымдарының шағылысуынан пайда болады. Көлік ішінде шылым шегу де жиі орын алады. Ақтау қаласында жыл басынан бері автокөліктерде 6 өрт оқиғасы тіркелсе, 2023 жылы осы мерзім аралығында 3 өрт оқиғасы тіркелген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп отыр, - деді Әлижан Соспанов.
Ол автокөліктерде өрт пайда болған жағдайда не істеу керек деген сауалға, «көлік иелерін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақыру керек», деп жауап берді.
-Автокөліктерді дер кезінде техникалық байқаудан өткізген дұрыс. Әсіресе электрсымдарға баса назар аударған жөн. Әрқашанда өрт сөндіргіш құрал болсын, оны қолжетімді жерде ұстау керек. Тәжірибе көрсеткендей, өрт сөндіру кезінде автокөлікке көмір қышқылды өрт сөндіргішті пайдаланған тиімді. Егер автокөлікте өрт пайда болған жағдайда, cол заматта көлікті тоқтатып, өрт сөндіргіш құралын алып, капотқа жақындату керек. «Тілсіз жау» электр көбінесе тізбектердің бұзылуынан пайда болады. Егер өрт сөндіргіш құрал тиімді болмаса, әрі қарай құм мен топырақты пайдаланған абзал. Жанып жатқан кезде мүмкіндігінше есік пен терезені ашық қалдырмау керек. Көліктің есігін мықтап жаппаса, өрт шарықтап кетуі мүмкін. Егер көліктен өрт шықса, аккумулятордың клемасын бірден ажыратып тастаған жөн, - деді Әлижан Соспанов.