Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қаратұрын кен орнына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ол атмосфераға метанның таза күйінде шығарындысы болмағанын атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Inbusiness.kz сілтеме жасап.
"Иә, Қаратұрын кен орнында шынымен апат болды. Бірақ мен атмосфераға таза метан бөлінбегенін атап өткім келеді. Өйткені төтенше жағдайда оны жай ғана өртеп жібереді", - деді ол.
Жомарт Әлиев апат кезінде қауіпсіздік ережелеріне сәйкес газ ағыны өртенгенін атап өтті.
«Маңғыстау облысының экология департаменті апта сайын кен орнынан тиісті талдауды алып отырған. Ұңғыма жанғанда оның жанына жақындау мүмкін емес. Бұл – техникалық қауіпсіздік ережесіне қайшы. Алайда апта сайын алыстан тиісті талдау алынды. Нәтижесінде ауаға ластаушы заттардың жекелеген түрі шектен тыс тарағаны анықталды. Бүгінде бұл ұңғыма бойынша жоспардан тыс тексеру аяқталып, компанияға айыппұл салынды», - деп түсіндірді ол.
Жомарт Әлиев «Бозащы Мұнай» кәсіпорнына шамамен 500 млн теңге айыппұл салынғанын атап өтті.