Маңғыстауда Атырау облысынан эвакуацияланған халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін құрылған штаб мүшелері эвакуациялық пункттерге барып, зардап шеккендермен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме беріп.
-Қазіргі уақытта облыс аумағында 21 эвакуациялық пункт бар. Қоғамдық штаб мүшелері олардың әрқайсысына барып, зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатуда. Негізгі міндет - азаматтарды эвакуациялау бойынша жұмысты бірыңғай үйлестіруді қамтамасыз ету. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қоса штаб гуманитарлық көмек көрсетумен, сондай-ақ еріктілер тобы қызметін үйлестірумен айналысады, - деді қоғамдық штаб төрағасы Аят Сүгірбай.
Қоғамдық штаб саны 34 адамды құрайды. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдері, кәсіпкерлер, діни қызметкерлер, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары бар.
Штаб қызметінің негізгі бағыттарының бірі — азық-түлік бағасына мониторинг жасау.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбаевтың айтуынша, штаб өкілдері жергілікті атқарушы органмен өзара іс-қимыл жасай отырып, «Мағаш» базарына, көтерме сауда орталықтары және гипермаркеттер мен супермаркеттерге мониторинг жүргізді. Мониторинг барысында жергілікті кәсіпкерлерге азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтергені үшін жауапкершілік шаралары қарастырылғаны түсіндірілді.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Елмұрат Мекеев жергілікті кәсіпкерлер мен компаниялар Атырау облысының тұрғындары үшін автобустар ұйымдастырғанын атап өтті. Бірлескен күш-жігердің арқасында 1500-ге жуық құлсарылықтар патрульдік полицияның көмегімен үйлеріне қауіпсіз жеткізілді.
Қоғам белсендісі Бибігүл Рамазанова эвакуациялық пункттерде тәулік бойы еріктілер кезекшілік ететінін, олар тазалық пен тәртіптің сақталуын қадағалап, қажетті өнімдерге өтінім беретінін айтты.
-Эвакуацияланған азаматтар арасында тазалық пен тәртіп сақталады. Мұндай кезеңде әр адам өз рөлін түсініп, дүрбелеңнен аулақ болып, жағдайды жақсартуға өз үлесін қосуы маңызды. Эвакуациялық пункттерде орналасқан жандар жергілікті атқарушы органдарға, еріктілерге және кәсіпкерлерге көрсеткен зор қолдауы үшін ризашылықтарын білдіріп, оның маңызын бағамдайтынын жеткізді, - деді брифинг барысында Бибігүл Рамазанова.