Маңғыстауда қызылшаның 384 жағдайы тіркелді, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 2,5% - ға жоғары. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қатысқан аппараттық кеңесте айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың мәлімдеуінше, қызылшаны жұқтырғандардың 281-і амбулаториялық ем алып жатыр, ал 103 адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда ауруханада үш жүкті әйел және 64 бала, оның ішінде бір жасқа толмаған 22 бала бар. Оның ішінде төрт бала реанимацияда жатыр.
- 2023 жылғы статистикаға сәйкес облыс аудандарында қызылша жұқтыру саны әртүрлі. Мысалы, Ақтауда 1 034, Жаңаөзенде 1 369 жағдай тіркелген. Мұнайлы ауданында 1 191 адам қызылша жұқтырған. Алайда басқа аудандарда жағдай қалыпты: Түпқараған қаласында - 192, Қарақияда - 552, Маңғыстау ауданында – 184, Бейнеу ауданында - 66 жағдай анықталды, - деді Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Маңғыстау облысында инфекция ошағы пайда болған жағдайда вакцинаның қажетті резервтік қоры жеткілікті. Аманбек Жұмыровтың айтуынша, қызылша - асқынулармен қауіпті. Егер күдік болса, дұрыс диагноз қою және тиімді емдеу үшін дереу дәрігермен кеңесу керек.
- Науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жіберуге, сауда орталығына баруға болмайды. Бұқаралық іс-шараларға, тойға, концертке, спорттық жарыстарға қатысуға тыйым салынады. Қызылша жұқтырған ересектер жұмысқа шықпай, сақтануы керек, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Нұрлан Ноғаев қызылшаға қарсы вакциналау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
- Аурудың салдары мен алдын алу әдістері туралы хабарлау үшін барлық қолжетімді байланыс платформасын пайдалану қажет. Әр бала біз үшін қымбат. Вакцинадан бас тартқан тұрғындар қоғам алдындағы жауапкершілікті ескермей, балалар мен басқа адамдардың басын қатерге тігеді. Вакциналаудың төңірегінде көптеген миф мен фейк ақпараттар бар, бірақ қызылшаның нақты салдары туралы білетіндер аз. Біз екпе алудың маңызын жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.