Биыл діни басқарманың «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Маңғыстау облыстық орталық Бекет ата мешітінде имамдарға «Діни оңалту жұмысын ұйымдастыру және оның озық тәжірибелері» атты оқу-семинары өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ҚМДБ-ның басты бағытының бірі «Діни оңалту» бағыты аясында өңір имамдарының қатысуымен өткен семинарға ҚМДБ-ның Діни оңалту бағытының маманы арнайы Данияр Кенжалин қатысты. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Кәдөш Қажымұқан және басқарма мамандары болды.
Қажымұқан Серікұлы өңірдегі діни ахуалды айта отыра,имамдардың қоғамда уағыз айту мәселесіне жіті көңіл бөлу, әлеуметтік желіні пайдаланудағы сөйлеу мәнеріне аса мұқияттылықпен қарау жайлы, мешіттерді тіркеу жөнінде құжаттарды рәсімдеу жұмыстарына тоқталып өтті.
Имамдар қызметінің ең басты бағыттарының бірі – мешітке келуші жамағаттың ауызбіршілігін сақтау, еліміздің, халқымыздың бейбіт өмір сүруі үшін аянбай еңбек ету екендігі айтылды.
ҚМДБ-ның Діни оңалту бағытының маманы Данияр Кенжалин қазіргі таңдағы бөлімнің атқарып жатқан жұмыстар мен діни оңалту бағытында кездесетін мәселелер мен оны тиімді шешуде қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдерге тоқталып, жеке тәжірибесімен бөлісті.
Семинар соңында имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.