Маңғыстауға халықаралық форум аясында әлемнің 14 елінен 67 өкіл келді. «Баку жазғы энергетикалық мектебі» атты 3 күндік форум өтеді. Форумға әлемнің 14 елінен 67 өкіл келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Баку жазғы энергетикалық мектебі 2023» - халықаралық деңгейдегі ғалымдарды бір арнаға тоғыстыратын ауқымды бағдарлама. Іс-шара аясында сарапшылар үш күн бойы Маңғыстау өңірінің энергетика саласындағы əлеуетті мүмкіндіктерін бағамдап, мұнай және мұнай өнімдерін өндіру бойынша ақпарат-деректермен танысып, өзара тәжірибе алмасады.
- Бұл бағдарламаны Ақтау қаласындағы Әзірбайжан консулдығы, орталық қоғамдық қор, «АДА» университеті (Әзірбайжан) және Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырды. Оқу бағдарламасы аясында «Baku summer school» қатысушылары Ақтауға алғаш рет сапарлап келді. Олар оқуды осында жалғастырады. Қазақстанның энергетика жүйесі жөнінде практикалық семинарлар ұйымдастырылады. Содан кейін Әзірбайжанға қайта оралып сертификаттар алады, - дейді Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Эльчин Мамедов.
Сонымен қатар, Әзірбайжандағы «Ада»университетінің даму және дипломатия институтының біліктілікті арттыру бағдарламасының жетекшісі Наргиз Исмаилдың айтуынша бұл жоба 17 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оның негізгі мақсаты- энергетика саласындағы мамандардың білімін тереңдету əрі біліктілігін арттыру.
- Биыл алғаш рет іс-шараны Ақтауда өткізуге бекініп, Каспий теңізінің арғы бетінен кемемен жеттік. Сарапшылардың түгелі дерлік энергетика саласын жіті меңгерген, кəсіби тәжірибесі мол мамандар және профессорлар. Алдағы уақытта олар өз тәжірибелерімен бөлісетін болады, - деді Наргиз Исмаил.
Айта кетейік, бұл форумға энергетика саласында жүрген компания мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, елшіліктер және халықаралық ұйымдардың саясаткерлері мен азаматтық қызметкерлері, ғалымдар, журналистер, магистранттар келесі жылы қатыса алады. Алайда ағылшын тілін меңгерген болуы қажет.