Биыл Маңғыстау облысында білім беру мекемелерін жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Байқау нәтижесінде «Үздік орта білім беру ұйымы-2024» аталымында Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы мектеп-лицейі жеңімпаз атанса, «Техникалық және кәсіптік білім беретін үздік ұйым-2024» аталымында Қарақия кәсіптік колледжі жеңіске жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Әрбір ұйымға алпыс сегіз миллион теңге көлемінде грант берілді, бұл қаражат материалдық-техникалық базаны жаңартуға, инфрақұрылымды жақсартуға және заманауи білім беру кеңістігін құруға бағытталады.
«Аймақта алғаш рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында конкурс жарияланды, біз де өз құжаттарымызды тапсырдық. Колледждің соңғы үш жылдағы жетістіктері, WorldSkills сияқты байқауларға қатысуы, кәсіби жарыстар мен тәрбие жұмысы негізінде бағаланды. Колледждердің ішінен үздік атану – үлкен құрмет. Біз материалдық-техникалық базамызды жаңарту үшін қажетті жабдықтарды сатып алуға қаржы ұттық. Бұл грант біздің жағдайымызды айтарлықтай жақсартады. Келесі оқу жылында да рейтингімізді көтеріп, осындай байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз», - деп атап өтті Қарақия кәсіптік колледжінің директоры Айнұр Сәбиева.
Айта кету керек, бұл байқау аймақтың білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамға айналып, оқу орындарының өсуіне және оны жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашты.