Ақтау қаласының туған күніне орай өткізілген салтанатты жиында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов су тасқыны кезінде зардап шеккен халыққа көмек қолын созған, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Табиғи апат кезінде жапа шеккен адамдарға көмек қолын созған жерлестеріміз бен шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін жалпы саны 37 адам әкімнің алғыс хатын алды.
«1976 жылы Алматы политехника институтын бітіргеннен соң, Шевченко қаласына жолдамамен келдім. Қаладағы архитекторлық жобалау тобына кірдім. Менің алғашқы жобам теңіз жағалауындағы “Алтын құм” демалыс орынының әкімшілік-тұрмыстық ғимараты болды. Осыдан соң, біздің авторлық бақылау құрамы жасаған жобалардың барлығына қатыстым. Нағыз архитектор тек авторлық жобалардың төңірегінде қалып қоймай, өзін көрсетуі керек. Мен қазіргі Ақтау қаласындағы перзентхана, “Мағаш” нан зауыты, “Ертегі” саябағы ғимараттарын жобалауларына қатысқанымды мақтаныш етемін. Қазіргі көптеген дүкендердің, жанармай құю бекеттерінің, кафелердің, дүңгіршектердің, базардың құрылысын архитекторсыз жобалау мүмкін емес» - дейді Ақтау қаласының тұңғыш сәулетшілерінің бірі Сергей Плетнев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деген еді президент жолдауында.