© halyq-uni.kz
1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс көлемінде 20-ға жуық спорттық іс-шара өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың айтуынша балалардың денсаулығы – елдің басты әлеуметтік көрсеткіші.
- Қазіргі жастарымыздың дені ғаламтордың шырмауынан шыға алмай жатқаны көңіл құлазытады. Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы. Дегенмен жастардың жүзбе-жүз кездесіп, әлеуметтік іс-шараларға атсалысуына, салауатты өмір салтын қалыптастырып, дене шынықтыру және спортпен айналысуына жағдай жасау - басты міндет. Өңірде бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізудегі де мақсат - балаларды спортқа баулып, қызығушылықтарын арттыру. Балалардың спортпен алаңсыз айналысып, дені сау ұрпақты қалыптастыру жолында облыста 30-дан астам мемлекеттік спорттық мекеме балалар мен жасөспірімдерді тегін түрде спортпен қамтиды. Одан бөлек мемлекеттік спорттық тапсырыс жүзеге асуда, - деді Мақсат Мұқаш.
Мереке қарсаңында Ақтау қаласында 29-31 мамыр аралығында «Досан батыр» спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында қалалық ашық турнир, 30 мамыр күні «Нәтиже» оқу орталығында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында рапид және блиц бойынша қалалық жекелей чемпионат, 30-31 мамыр күндері 11 шағынаудан «Olympus» спорт клубында спорттық гимнастикадан Ақтау қаласының біріншілігі, 8 маусым каратэ-до кекушинкайдан кумитэ бағдарламасы бойынша жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер, қыздар арасында ашық облыстық турнир өтеді.
Ал Жаңаөзен қаласында 31 мамыр - 2 маусым аралығында Шұғыла шағынауданы «Арман» бокс залында бокстан жасөспірімдер және кіші жасөспірім қыздар арасында қалалық ашық турнир және 2 маусым №24 мектеп лицей жанындағы «Алға» мүгедектер спорт клубында боччадан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында паралимпиадалық спорт түрінен жарыс, 28-29 мамырда Қызылсай ауылында волейболдан 2011-2012 жылы туған ұлдар командалары арасында облыстық ашық турнир өтеді.
- 31 мамыр күні Түпқараған аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде көңілді мәре спорттық сайысы өтеді.
- 29 мамырда Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылының «Азамат» спорт кешенінде дзюдо күресінен ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қаршыға Сүйірбаев жүлдесі үшін кіші жасөспірімдер арасында Республикалық турнир, 31 мамырда аудандық мәдениет үйінде «көңілді старт» ойындары, 1 маусым күні Шетпе фитнес залында жасөспірімдер, ұлдар және қыздар арасында пауэрлифтингтен Маңғыстау облысының чемпионаты өтеді.
- 1 маусым күні Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының орталық саябағында ерекше балаларға арналған көңілді старт ойыны өтеді.
- 1 маусым күні Бейнеу ауылының дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені грэпплингтен аудандық жарыс ұйымдастырылады.
- 30 мамыр күні Қарақия ауданы Құрық ауылының орталық стадионында 3-4 сынып оқушылары арасында «Эстафеталық ойын» өтеді.
Сондай-ақ, облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде арнайы шаралар, жарыстар ұйымдастырылады.