Аймақта тұрақтандыру қорына толықтыруға және «айналым механизмі» тетігі аясында барлығы 6 мың тонна 12 түрлі тауардың қоры бар. Бұл туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Айналым механизмі" кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен ақшалай несие беруді көздейді. Бұл ретте кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін белгіленген бағамен сатуға міндетті.
– Мәселен, тұрақтандыру қорына картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қарақұмық, макарон өнімдері, күнбағыс майы, ұн, күріш, қант, тұз, тауық жұмыртқасы сатып алынды. Жалпы, облыс тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша тұрақтандыру қоры, форвардтық келісімшарт және «айналым схемасы» арқылы кәсіпкерлермен жасақталған келісімшарттың көлемі 5 174 тонна болды, - деді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы.
Шамамен 160 тонна ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізу мақсатында «Ақтау Батыс Агро» ЖШС мен «QazTrade» АҚ келісімшартқа отырды.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемеақысын 15 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету бойынша облыстағы 340 сауда нүктесімен меморандум жасалды.
Кәсіпкерлік басқармасының мәлімдеуінше, облыста баға белгілеу тізбегінің заңсыз делдалдық схемалары анықталған. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 12 кәсіпкерлік субъектіге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 % үстемеақы өндіру бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар берілді.
2023 жылы әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «Карат» ЖШС-не «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-нан жеңілдетілген бағамен 5 193 тонна бидай бөлінді. Қазіргі таңда облыста жеңілдетілген бағадағы ұн 25 наубайханаға беріліп, 250-ге жуық сауда орнында әлеуметтік нан белгіленген бағада сатылып жатыр (90-100 тг).
Азық-түлік бағасын реттеудің тағы бір жолы – жәрмеңке. Жыл басынан бері өлкедегі тауар өндірушілері мен көтерме жеткізушілерінің қатысуымен 133 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде азық-түлік тауарларының бағасы нарықтағы бағадан 15-20% төмен болады.
– Өткен аптада 1 758 «үй жанындағы» азық-түлік дүкені иелеріне түсндірме жұмыстары жүргізілді. 53 мониторингтік «Халық бақылауы» тобы ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес ӘМАТ 15% - дан астам үстеме ақыға жол бермеу туралы айтты. Мониторингтік жұмыстар апта сайын жүргізіліп жатыр, - деді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы.