Маңғыстауда «Риза Ана» қоғамдық қоры «Ұрпақ және ұлттық құндылық» жобасын іске асырады. Бұл туралы Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Риза-ана» қоғамдық қорының директоры Айжамал Тілемісова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, жоба Маңғыстау облысы білім басқармасының тапсырысымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен жүзеге асады.
- Жоба Маңғыстау облысындағы білім беру ұйымдарында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат тәрбиелеуге бағытталған. Яғни, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында облыста ата-аналар кеңесінің жұмысын жанданады. Сондай-ақ, өңірдің зиялы қауым өкілдерінен кемінде 6 мүше және үкіметтік емес ұйымның жетекшілерінің қатысуымен ата-аналарға арналған 3 алқалы кеңес отырысын ұйымдастыру қарастырылған. Елімізге республикалық деңгейде танымал кемінде 3 сарапшыны шақырып, аймақтағы білім беру ұйымдарының оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие тақырыптарына кездесу ұйымдастыру жоспарланған,- деді Айжамал Тілемісова.
«Риза ана» қоғамдық қорының негізгі мақсаты - Маңғыстау облысындағы өндірістік кәсіпорындағы жас мамандар кеңесінің жұмысын жандандыру арқылы қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылған жастар санын кемінде 1500-ге жеткізу. Бұл жөнінде «Риза-ана» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Бибігүл Рамазанова пікірін білдірді.
- «Қаражанбасмұнай» компаниясында «Жас мамандар» кеңесі отырысын өткіземін. Нәтижесінде кеңеске мүше 600 жастың санын 1500-ге жеткіземіз. Әр іс-шараға кемінде 150 маманның қатысуымен кемінде 2 спорттық, 2 зияткерлік, 2 қоғамдық-мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өндірістік кәсіпорындағы жас мамандар кеңесінің мүшелеріне арналған әр іс-шараға кемінде 200 маманның қатысуымен зиялы қауым өкілдерімен кемінде 3 кездесу ұйымдастырылады. Жоба қорытындысына сәйкес өндірістік кәсіпорындағы Жас мамандар кеңесінің мүшелеріне арналған 300 маманның қатысуымен өңірлік ынталандыру іс-шарасы ұйымдастырылады,- деді Бибігүл Рамазанова.