Бұл туралы МО Автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау басқармасының басшысы Өмірбек Сағындықов айтты. Оның айтуынша билеттер құны Ақтау –Бейнеу бағыты бойынша 2500 теңге, Форт Шевченко -500 теңге, Шетпе 750 теңге, Құрық – 300 теңге , Жетібай -350 теңге болып бекітілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өткен аптада Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған ауданаралық маршруттардың іске қосқаны хабарланған еді.
Аудан тұрғындары бұл жаңалыққа қуанып, автобус қатынасы қайтадан қолға алынғаны өздері үшін маңызды екенін айтып әлеуметтік желіде қуаныштарын бөлісіп жатты.
Жалпы ауданаралық маршруттарды жүргізу жобасы 2020 жылдан бастап қарастырылған. 4 жылдан соң іске асқан жоба 24 қаңтар күні жолаушыларды тасымалдайтын кәсіпорын анықталған соң жүзеге асатыны белгілі болды. Әр маршрутқа 2 автобустан белгіленген, барлығы 10 автобус енді халық игілігіне қызмет етпек.
Автобустар арнайы видеобақылау камераларымен, GPS жүйесімен қамтамасыз етілген. Диспетчерлер әрбір автобустың қай жерде келе жатқанын бақылай алады.
Комфортабельді автобус салонында 220 вольттық розеткалар және видео роликтер көрсетуге арналған мониторлар орнатылған. Әрбір автобуста 53 адамға арналған орын, сондай –ақ, жүк сөмкелер салатын сөрелер мен желдеткіштер бар.