Маңғыстауда «Қызылсай» мемлекеттік - өңірлік, табиғи паркінің қорғауындағы арқар, қарақұйрық басы 18%-ға көбейген. Аңдар мен құстар үшін даладағы 52 бұлақтың көзі ашылған. Бұл туралы «Қызылсай» мемлекеттік-өңірлік, табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауов мәлімдеді, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz сайты.
Аталған мемлекеттік - өңірлік, табиғи паркінің негізгі міндеті жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау және өсімін молайту. Қызылсай паркінің құрамына «Тасорпа», «Манашы», «Жабайұшқан», «Адамтас» мемлекеттік табиғи қаумалдары мен Қызылсай паркі кіреді.
Жүзге жуық адам еңбек ететін мекемеге былтыр 6 жаңа (патриот уаз) автокөлігі берілді. Құрамында ғылыми, техникалық, қаржылық, өрт қауіпсіздігі бөлімдері бар нысанның жаңа техникамен толығуы табиғат, өсімдік, аң, құстарды қорғау, толықтыру, көбейту жұмыстарына күнделікті қажет.
«Бүгінде ерекше қорғауға алынған арқар, қарақұйрық басы көбейіп, бұлақтардың көзі ашылуда. Мұның бәрі мемлекеттік инспекторлардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз», - дейді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік-табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауов.