Ақтау аумағында жасөспірімдермен орын алатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, олардың түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жүрмеуін қадағалау мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рейдке облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы қызметкерлері, білім беру басқармасының өкілдері, Маңғыстау облысы әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау ісі жөніндегі комиссия хатшысы С.Алибекова және AMANAT партиясы жанындағы “Жастар Рухы” ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Абзал Марат қатысты.
Күнделікті жүргізіліп жатқан түсіндірме және профилактикалық жұмыстарға қарамастан, демалыс күндері құқық бұзушылықтарға жол беретін жеткіншектер саны азаяр емес.
Осылайша, учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ювеналды полиция тобының инспекторларымен түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген 13 жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік хаттамалар жасақталды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі ҚР ӘҚБтК-тің 442-бабында көзделген талаптарды бұзу салдарынан орын алған.
Бұдан бөлек, осы кодекстің 132-бабында көрсетілген ережелерді елемей, 23:00 кейін компьютерлік клубтарда уақыт өткізген кәмелетке толмағандар да бар.
Ата-аналардан балаларыңызды ұдайы бақылауда ұстап, жауапкершілікті күшейту сұралады.