Маңғыстауда әлеуметтік осал топтағы жандардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 252 грант бөлінеді,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов айтты.
Спикердің хабарлауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін гранттарға бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлініп, 990 адам грант иегері атанған. Бұл гранттар адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген.
Грант жеңімпаздарының бірі-Ораз Ақмоншақ. Ол тігін өндірісі бизнес жоспарын ұсынып, 400 АЕК (1 225 200 теңге) қайтарымсыз грантқа ие болған. Жеке кәсіпкер грант қаражатына тігін шеберханасына қажетті жабдықтарды алып, «Несібелі періштем» атты тігін шеберханасын ашқан. Қазіргі таңда, шеберхана 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Биылғы жылы да, атаулы гранттар халықтың осал топтарынан шыққан азаматтарға 400 АЕК- дейінгі мөлшерде (1 380 000 теңге) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға беріледі.
Сонымен қатар, гранттар нысаналы мақсаты бойынша, қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға және сауда объектілерін жалға алуға беріледі.
Сондай-ақ, брифинг барысында спикер конкурсқа қатысу шарттарын атап өтті.
- Конкурсқа қатысу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін аяқтау туралы сертификатыңыз болуы міндетті. Бұл сертификатты кез-келген уақытта skills.enbek.kz платформасында ұзақтығы 14 күнді құрайтын онлайн оқу арқылы ала аласыз. Ал, грантқа өтінім беру үшін business.enbek.kz порталына тіркеліп, нұсқаулыққа сәйкес амалдарды орындау керек,-деді Әсет Шопанов.
Айта кетейік, конкурстың басталғаны туралы хабарландыру 10 күн бұрын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі басқарманың ресми сайтында жарияланады.