© Архив
Биыл Маңғыстау облысында алғашқы көктемгі сенбілікке 2 752 адам қатысып, 71 техника жұмылдырылды. 259 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Төлеуішов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сенбілік облыс, қала, аудан, елді-мекендер аумағын қоқыстан тазарту және халықты тазалыққа, бірлікке, жауапкершілікке шақыру, экологиялық сауатты насихаттау мақсатында өтіп жатыр.
- Сенбілікке Жаңаөзен қаласынан 536 адам қатысып, 34 техника жұмылдырылды, шығарылған қоқыс көлемі – 213 тонна. Бейнеу ауданынан 1 243 адам қатысып, 4 техника жұмылдырылып, 13 тонна қалдық, Түпқарағаннан 274 адам қатысып, 11 техника жұмылдырылып, 11 тонна қалдық жиналды. Маңғыстау ауданынан 74 адам қатысты, 5 техника жұмылдырылды, 4 тонна қалдық шығарылды. Мұнайлы ауданында 250 адам қатысып, 3 техника жұмылдырылды, 8 тонна қалдық және Қарақия ауданында 100 адам қатысты, 5 техника жұмылдырылып, 5 тонна қалдық жиналды, - деді Хайдар Төлеуішов.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бахтияр Мақсатовтың мәліметінше, Ақтау қаласы бойынша сенбілікке толықтай 300-ге жуық қызметкер қатысты. 4 техника жұмылдырылып, 8 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
– Ақтау қаласы бойынша тазалық жұмыстары 16 наурыз күні 09:00-де 4а шағынаудан «Бриз» қайық клубы және «Дискай» теңіз жағажайы маңында, 39 шағын аудан «Ержан Хазірет» мешітінен бастап 34 шағын аудан «Ана мен бала» перзентханасы ғимаратына дейін және 9 А шағын аудан «I love Aktau композициясынан «Самал» теңіз жағалауына дейінгі аумақта жүргізілді, - деді Бахтияр Мақсатов.
Айта өтейік, сенбілік 30 сәуірге дейін әр аптаның сенбі күні өтеді.