Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм каналында ақтаулықтар 14 шағын аудандағы 21,22 үй маңында орнатылған нан сататын дүңгіршектің балалар алаңы жанында тұрғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Балалар ойын алаңына дүңгіршек орнатуға кім рұқсат берді? Енді бала ойнайтын алаңға ауыздарыңызды салдыңыздар ма? Кім жауапты? Иесі кім? Осылай жалғаса берсе ойын алаңы да қалмайды. Ойын алаңын абаттандырудың орнына мына жасағандарың не? Жауап күтеміз, - дейді тұрғындар.
Аталған жайтқа қатысты Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Оспан Нысан жауап берді.
-Аталған дүңгіршек Атырау қаласындағы “Карат” ЖШС-не тиесілі. Өткен жылы әкімдікпен келісім шарт жасасып, биыл жұмысын бастады. Біздің ол мекемені таңдаған себебіміз - әлеуметтік азық-түлік болып саналатын өнімдер анағұрлым арзанырақ. Ал, орналасқан жеріне келер болсақ, кәсіпкерлер өздеріне қолайлы орынды электронды геопортал арқылы таңдайды. Әкімдіктен ешкім оларға “мына жерден ал” деп нұсқамайды. Ал, осындай жайттарға аралассақ кәсіпкерлер бізді өкілеттігімізді асыра пайдаланып отырсыңдар дейді. Геопортал арқылы кәсіпкер кез келген бос жерді сатып ала алады, - деді Оспан Нысан.