Атамекен ауылында жаңбыр суынан тұрғындардың құдығы мен кәріз жүйесі суға толып, үй маңы көл болған. Тұрғындар дренаждың орнатылмағанына шағымданып, ауыл әкімінен мәселені шешуін талап етіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Үй маңындағы көріністі тұрғындар видеоға түсіріп, облыс әкімдігінің телеграм каналына жолдаған.
- Самал көшесінде орналасқан 254 үйдің алдын су басып жатыр. 2 күн жауған жаңбырдың салдары үйдің тұрғындарына кері әсер етуде. Су ішетін құдықтарына жаңбыр суы кірген, септиктері мен үйдің айналасы жаман суға батып отыр. Жақын маңда дренаж болмағандықтан, үйдің айналасындағы суды қанша тартсаң да, қайта жиналады. Атамекен селосының әкімдігіне осы мәселе бойынша жүгінген болатынбыз. Бәріне бірдей үлгермейміз, - деді тұрғын.
Ал Атамекен ауылының әкімі Ерлан Қайнаров Самал көшесіндегі 254 үйге, Көктем, Атамекен, Жалын тұрғын үй массивінің 3-көшесіне, Ғарыш көшесі, Болашақ, Темірқазық көшесіндегі үйлерге ассенизатор көлігімен көмек көрсетілгенін айтты. Ауылда әлі де жаңбыр суын тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
– Былтыр баламалы түрде су соратын құрылғыларды Шағала, Арай, Көктем елдімекендеріне орнатқан едік. Биыл да сол жұмыстар жалғасады, төрт елдімекенге су соратын құрылғы орнатамыз. Сонымен қатар жер асты суы шығатын, нақтыласақ, Шағала, Көктем, Болашақ тұрғын үй массивіне орталықтандырылған кәріз жүйесімен бірге дренаж салу жоспарланды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өтті, мердігер мекеме анықталды. Жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Екінші жарты жылдықта бюджеттік өтінім беріледі, әрі қарай құрылыс жұмыстарын бастаймыз, - дейді ауыл әкімі Ерлан Қайранов.
Мұнан бөлек қазіргі таңда Қаламқас пен Арай елді мекенінде ауылішілік асфальт жолының құрылысы басталды. Ауыл әкімі Ерлан Қайнаровтың айтуынша, тағы да Жалын, Туған ел, Тамшалы елді мекенін асфальт жолмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат жасақталып, бюджетке өтінім берілді.