Маңғыстауда 2021 жылдан бері заңсыз ойын бизнесі бойынша 20-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Осы бойынша 100-ден астам ойын жабдығы мен терминал тәркіленген. Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 25-ке жуық ойын залының заңсыз қызметі тоқтатылған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Балнұр Есенгелдинов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2021 жылы 9 қылмыстық іс жүргізген. Оның ішінде 7 іс сотқа жіберілді. Былтыр да 9 қылмыстық іс жүргізіліп, оның ішінде 5 іс сотқа жолданды. Ал 2023 жылы 3 қылмыстық іс сотқа жолданған. Сонымен қатар брифинг барысында Балнұр Есенгелдинов белгіленген орындардан басқа аймақта казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға болмайтынын айтты.
- Ел аумағы бойынша казино мен ойын автоматтары залдарын Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучинск ауданында орналастыруға ғана рұқсат етілген. Ал басқа аймақта ашу заңсыз деп танылады. Жедел ақпарат пен қырағы азаматтардың көмегімен онлайн казинолардың және басқа да терминалдардың қызметі тоқтатылады. Яғни біз өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесе Ақтауда 2 жасырын казиноның қызметін анықтадық және жойдық. Аталған мәселе бойынша барлық қылмыстық істер сотқа жіберілді. Ойын автоматтары мен терминалдар тәркіленді. Кінәлі адамдар сотталды,- деді Балнұр Есенгелдинов.
Қазақстанда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға атсалысқан, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар берген, ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асырған азаматтың мүлкі тәркіленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
- Қазіргі уақытта Департамент заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес мақсатында және жастардың құмар ойындардың құрығына ілінбеуі үшін алдын алу шараларын белсенді түрде жүргізуде. Instagram, Tik-tok, Telegram секілді әлеуметтік желілерде шығатын жарнама сілтемелерін бұғаттаймыз. Сонымен қатар, онлайн-казиноларды бұғаттау үшін 71 сайт «Кибернадзор» бағдарламасына жүктелді. Оның ішінде 64 онлайн-казино сайттары бұғатталды,- деді аға жедел уәкіл Смағұл Шыңғыс.
Ал ұйымдастыру-бақылау басқармасы басшысының орынбасары Берік Баешов 2022-2023 жылдары оқушылар мен колледж студенттері арасында түсіндіру сабақтары өткізілгендігін айтты.
- Қазіргі уақытта өңірдің оқу орындарының базасында еріктілер қозғалысы құрылды. Қозғалысқа қазірдің өзінде 70-ке жуық Ақтау қаласының студенттері қосылды. 100-ден астам адам сауалнамадан өтіп жатыр. Департамент еріктілер қозғалысына Жаңаөзен қаласының белсенді жастарын тартуды жоспарлап отыр. Жобаның негізі мақсаты –алдын алу жұмыстарына, соның ішінде лудоманияға қарсы іс-шараларға белсенді жастарды еріктілер ретінде тарту. Құмар ойындардың жастарға, отбасыға тигізер зардабы көп. Өйткені жалақысын осы жолға жұмсап, есіл еңбегі еш кеткен жандар бір күнде әртүрлі құмар ойын желігімен несібесін ауаға шашады. Бұның соңы шаңырақтың шайқалуына, бар дүние мүлкінен айырылуына, түрлі қылмыстық істерге баруына әкеліп соғады. Сондықтан да ата-аналар балаларын жіті қадағалауы тиіс. Ойын ойнап, өмірімізді ойрандамайық,- деді Берік Баешов.