«Таза Қазақстан» республикалық акциясы бойынша Маңғыстауда тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылуда. Соның бірі - Баянды ауылы маңында орналасқан «Бердібек әулие» қорымы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тазалық жұмыстарына Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театр әртістері мен Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві ұжымы, сондай-ақ, өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Отпан» МКҚК ұжымы өз үлесін қосты.
- Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» акциясы бойынша барлық өңірде сенбілік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта «Бердібек әулие» қорымында сенбілік жұмыстарын жүргізудеміз. Өңір тазалығы - баршаға ортақ іс. Сондықтан, маңғыстаулықтарды осы игі іске белсене атсалысуға шақырамын, - деді Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театр әртісі Нұрлыбек Жұмабаев.
Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві директорының орынбасары Раушан Кубегенова оң бастаманы қолдайтынын атап өтті.
- Туған өлкенің тазалығына атсалысу - әрбір азаматтың міндеті. Әр сенбі сайын әрбір тұрғын өз ауласына ағаш отырғызып, қоқыстан тазартса, аймағымыз жасыл желекпен көмкерілер ме еді. Осындай сенбілік жұмыстарын жиі өткізуді қолдаймын, - деді Раушан Кубегенова.
Айта кетейік, Ақтау қаласынан 19,5 км солтүстік-шығыс бағытта орналасқан «Бердібек әулие» қорымы жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қорымда 8 сағанатам, 1 құлпытас, 8 қойтас, 2 құлпытасты қойтас, 1 табыттас құлпытасты қойтаспен,19 тас қоршаулар мен 15 тас белгілер бар. Мұндағы басты нысан күмбезтамның ең ертедегісінің құрылыс тастары жартылай өңделген ұлутастардан саз балшық араластырылып көлденең қаланған.