«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақшұқыр елді мекенінде орналасқан «Қошқар ата» қорымы аумағы тазаланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Сенбілікке М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы қызметкерлері мен Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ұжымы атсалысты.
- 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясына үлесімізді қосып, сенбілік өткіздік. Көктем мезгілі жаңару мен жаңғыру, күл-қоқыстан тазару маусымы. Табиғатты аялайық. Өңір келбетін көркейтуге әрбір тұрғын атсалысуы керек, - деді М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы директоры Данияр Сағынғалиұлы.
Сондай-ақ, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Ынтымақ Божанов тарихи орындарды күтіп, сақтау маңызы жөнінде айтты.
- Өздеріңізге мәлім, ел аумағында 25 мыңнан тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның бірегейі — «Қошқар ата» қорымын қоқыстан тазартып жатырмыз. Болашақ ұрпақ үшін тарихи орындарды күтіп ұстауға баса мән беру керекпіз. Көтеріңкі көңіл-күймен сенбілікті өткіздік, киелі, тарихи-табиғи орындардың құндылығын дәріптеуге атсалысып жүрміз деп ойлаймын, - деді Ынтымақ Божанов.
Айта өтейік, «Қошқар ата» қорымы Ақтау қаласынан 17 шақырым қашықтықта солтүстік-батыс бағытта орналасқан. Қорым жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қорымнан 81 ескерткіш есепке алынған.