Биыл 15 сәуір күні Есенов университеті мен «Қаражанбасмұнай» АҚ арасында өзара ынтымақтастық және түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл Yessenov University-дегі бәсекеге қабілетті, білімі мен біліктілігі қатар қалыптасқан түлектердің жұмысқа орналасуына жақсы мүмкіндік!
Бұл меморандум халықты жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру жүйесін жетілдіруге және дамытуға, Маңғыстау облысының өнеркәсіп салалары бөлінісінде еңбек ресурстарына сұраныстың жай-күйін ескере отырып, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оларға қажетті еңбек дағдыларын беруге және өндіріске бейімделу бағыттарын іске асыратын өндіріс пен оқу ордасы арасындағы алтын көпір.
«Біз облысымыздағы маңдайалды білім ордасымен тығыз әріптестік байланысымызды жаңа бағытта дамытпақпыз. Заманауи, креативті, алғыр да талапты жас мамандардың өлке өндірісін дамытуға тың серпін беріп, компаниямызды дамытуға сүбелі үлес қосатынына сеніміміз мол. Қос тараптың бірлескен жобасы талай жасты өз ісінің шебері етіп шыңдауға жола ашады деген үміттеміз »,- деді ҚБМ Бас директоры М. Елеусінов.
Меморандумда көзделген шарт негізінде Университет түлектері жұмысқа орналастыруда «Қаражанбасмұнай» АҚ да қалыптасқан бос жұмыс орындарының жалпы санының «20%» қағидаты бойынша үш айлық сынақ мерзімінен кейін аутстаффингке қабылданады. Жұмысқа қабылдану үшін үміткер GPA деңгейі 3,67-ден кем емес немесе үздік диплом иесі, жасы 18 бен 34 аралығында болуы шарт. Сонымен қатар, үміткерлерді таңдауда түлектің олимпиадалар мен түрлі ғылыми жобаларға, байқауларға қатысуы, ғылыми жетекшілердің ұсынысы, тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында бұған дейін Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп, өндірістегі жетекшілердің оң бағасын алғанына басымдық беріледі.
Есенов университеті кәсіби қабілеті қалыптасқан мамандарды даярлауда «Қаражанбасмұнай» АҚ бұрыннан тығыз қарым-қатынаста, 8 білім беру бағдарламасы бойынша еңбек ақы төленетін тәжірибеге бағытталған дуалды оқу үрдісін бірнеше жыл қатарынан бірлесіп жүзеге асырады, әлеуметтік осал топ болып табылатын білім алушылардың оқу төлемін уақытылы қаржыландырады, ғылыми ізденіс жүргізуге арналған зертхананың ашылуына да «Қаражанбасмұнай» АҚ демеушілік көрсеткен!
Айта кетейік, ҚБМ бірнеше жылдан бері жастардың өз қабілеттерін паш етуге мол мүмкіндік беріп келеді. Осы күнге дейін тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында жүзге жуық YU және колледжі студенті теориялық білімін тәжірибеде қолданып үлгерді.