Ақтауда Республика күніне орай «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz партияның облыстағы филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдан бері елімізде 25 қазан - Республика күні ұлттық мереке мәртебесін иеленгені баршаға мәлім. Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған атаулы күнді былтыр Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті қайта қарау керектігі туралы ұсыныс жасаған болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы, егемендіктің бастауы болған мерекеге орай «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев партия мүшелерін құттықтап, партияның бірқатар мүшелеріне «Белсенді қызметі үшін» медалін табыс етті.
Партияның көшбасшы болуы оның белсенді мүшелерінің елеулі қызметіне тікелей байланысты екенін айтқан Нұрбек Қарасайұлы партия төрағасы Ерлан Қошановтың мерекелік алғыс хатын тапсырды. Сонымен бірге, партия қатарына жаңа мүшелер қабылданып, оларға партия билеттері тапсырылды.