Құрық кентіндегі аудандық мәдениет үйінде Республика күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев айтулы мерекемен жиналған жұртшылықты құттықтап, мерейлі мерекенің маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұлтымыздың ең ұлық мерекесі — Республика күні құтты болсын! Бұл күн — егемендіктің ең алғашқы қадамы жасалған елеулі күн. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы айтылды. Былтыр Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынып, тарихи және өте маңызды шешім қабылдады. Мемлекет басшысының ұсынысымен қайта оралған ұлттық мерекеміз — Республика күні еліміздің әр азаматы үшін маңызды мереке болуы тиіс. Мемлекеттің жеткен әр жетістігі - еліміздің игілігі, халқымыздың қуанышы. Қазақ елі ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! - деді аудан әкімі Сымбат Төретаев салтанатты шарада.
Жиында бір қатар азаматтарға «Қарақия ауданының құрметті азаматы», ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін құрмет грамотасы, алғыс хаттар және Қарақия ауданының 50 жылдығына арналған мерекелік төсбелгілер тапсырылды.
Бұдан бөлек, Қарақия ауданының өнерпаздарының қатысуымен өткен «Қыран елім - Қазақстан» атты концерттік бағдарламасы қатысушыларға мерекелік тарту ретінде ұсынылды.