«Қыран елім – Қазақстан!». Осындай атаумен Ф. Оңғарсынова атындағы аудандық мәдениет үйінде мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиын шымылдығы ту көтеру рәсімімен ашылды.
Жиынға аудан әкімі Ержан Күмісқалиев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы бұл даңқты датаны ұлттық, мемлекеттік мереке дәрежесінде атап өтудің мәні өте зор, әрі әділ және тарихи шешім екенін атап өтті.
- Сіздерді 25 қазан - Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – ұлттық мереке. Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған атаулы күнді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қайта жаңғыртты. Себебі, Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы - Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы болатын. Бүгінде Қазақстан тәу етер тәуелсіздіктің арқасында бүкіл төрткүл дүние таныған іргелі ел, қуатты мемлекет дәрежесіне жетті. Еліміз экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. «Елдік береке-бірліктен, тындырымды тірліктен бастау алар» демекші, бүгінде республикамен бірге қарқынды дамып келе жатқан қазыналы өлке Мұнайлы жері – қандастарымыздың құтты мекеніне айналды. Қазақстанның дамуына әр ауылдың, ауданның үлесі зор десек, бұл жолда Мұнайлы ауданының да еңбегі ұшан теңіз. Ғасырға бергісіз осы жылдар ішінде ауданда көптеген игі істер атқарылды,-деді Ержан Күмісқалиев.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әр түрлі сала мамандарына және ардагерлерге «Мұнайлы ауданының Құрмет грамотасын» және «Мұнайлы ауданының Құрметті Азаматы» атағы тапсырылды.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Тыңдармандар туған жер, Отан тақырыбындағы әуезді ән тыңдап, күмбірлеген күймен бір сергіді. Осылайша, жиынға жиылған тұрғындар өнерпаздарды ықыласына бөлеп, мерекелік көңіл-күймен тарасты.
#republicday