Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде «Қолдау» орталығы» жекеменшік мекемесі «ЖАСТАР ЕQ» жобасын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жобаның мақсаты - жастардың психологиялық мәдениетін қалыптастыра отырып, психикалық, менталдық денсаулығын нығайтып, жастардың эмоционалды интеллектісін (ЕQ) көтеруге ықпал ету. Сонымен қатар, олардың суицид фактілерін мейлінше азайту және алдын алу. Аталған мәселеге қоғамның барлық тобын, атап айтқанда, үкіметтік емес ұйым, БАҚ өкілдерін, әртүрлі салада жетістікке жеткен азаматтарды, қоғамдық пікір көшбасшыларын аталған мәселелерді шешуге жұмылдыру.
Жоба Маңғыстау облысының аумағындағы 18-35 жас аралығындағы барлық жасты қамти отырып, 1 мамыр - 30 қараша аралығында жүзеге асады.
- Жобаның негізгі мақсатты тобы – Маңғыстау облысының жастары, психолог мамандар, мектеп оқушылары, колледж, университет студенттері, ата-аналар. Жоба командасы жобаны қолдаушылармен, пікір көшбасшылары, қоғам белсенділері, серіктестермен және мемлекеттік органдармен бірлесе қызмет атқаруды көздейді. Жобаға еріктілер мен әлеуметтік желі қолданушылары да қолдау көрсете алады, - дейді ұйымдастырушылар.
Жоба аясында бірқатар жұмыстар атқарылады:
- Маңғыстау облысы жастарының кемінде 5% пайызы ментальды денсаулық сақтау бойынша ақпараттандырылады;
-Аймақта республикалық сарапшыларды тарта отырып кемінде 5 компонентті (эмоционалды инттелектті дамыту, суицидология, бала психологиясы, адам дағдарысы, ата-ана мен бала қарым қатынасы және т.б.) оқыту ұйымдастыру арқылы жастарға психологиялық көмек көрсете алатын кемінде 20 коуч-психолог маманы дайындалады;
- Облыс көлемінде 3 психологиялық семинар-тренинг ұйымдастырылады;
- Жастар арасындағы зорлық-зомбылық, суицид, әртүрлі тәуелділіктің алдын алуға бағытталған әдістемелік құрал (практикалық жұмыстар жинағы) жинақталады;
- Жастардың арасындағы әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың алдын алуға бағытталған «ағартушылар десанты» барлық елді мекенде кемінде 5000 жасты қамтитын кездесулер ұйымдастырады.
Айта кетейік, эмоционалды интеллект (EQ) – дененің реакцияларын тез тануға, адамның шынайы ниетін анықтауға, өз күйіңізді басқаруға және басқа адамдардың көңіл-күйін оқуға көмектесетін дағдылар жиынтығы. Эмоционалды интеллектің дамуы ішкі күресті тоқтатуға және басқа адамдармен өмір сүруге, жұмыс істеуге және үйлесімді қарым-қатынас орнатуға қолайлы жағдайлар жасай отырып, өзіңізге көмектесуді үйренуге мүмкіндік береді.