Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен №29011 және №21814 әскери бөлімінде оқушыларға арналған экскурсия ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экскурсияны «Ақтау қаласының жастары мен жасөспірімдеріне әскери-патриоттық тәрбие беру» жобасы аясында «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Шараның негізгі мақсаты - жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттыру. Экскурсияға қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасы демографиялық комиссиясы, «Аналар кеңесі», сарбаз аналары штабының өкілдері және қала мектептерінің 150-ге жуық оқушысы мен мұғалімдер қатысты. Оқушылар еліміздің теңіз әскері күштерінің атқаратын жауынгерлік қызметі мен тарихы туралы ақпарат алды.
- Мұндай экскурсия оқушылармен қатар, әскери дайындық пәні мұғалімдері үшін де танымды деп есептеймін. Оқушылар қызықты ақпараттардан бөлек, жақсы әсер алып қайтты. Мұндай жиын алдағы уақытта да ұйымдастырылса екен деймін, - деді №21 орта мектептің мұғалімі Мұратбек Қоңыратбаев.