27 мамырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эльчин Башир Оглы Маммадовпен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сауда және мәдени байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.
Облыста әзербайжандық капиталдың қатысуымен 200-ден астам кәсіпорын тіркелген, олардың көпшілігі көлік, азық-түлік өндірісі және көтерме сауда саласында жұмыс істейді.
Эльчин Маммадов Қазақстан мен Әзербайжан арасында жоғары деңгейдегі байланыстар бар екенін және халықтар арасындағы бауырластық байланыстарды нығайту үшін Бас консулдық бірлескен жобаларды іске асыруға үлкен қызығушылық танытатынын айтып өтті.
- Маңғыстау облысының еліміз үшін маңызы зор. Әзербайжан және Қазақстан мемлекеттік теңіз компаниялары бірлесіп жүк тасымалдауға арналған кемелер санын көбейтті. Біздің елдерімізде өндірілетін құрылыс материалдары, тоқыма, ауыл шаруашылығы, азық-түлік тауарларымен алмасу, өзара инвестициялар, бірлескен өндірістер тауар айналымының өсуіне үлкен әсер етуі мүмкін деп санаймыз. Сондай-ақ, екі ел арасындағы туристік байланыстарды кеңейту үшін қолайлы мүмкіндіктер бар. Айта кету керек, 2025 жылы Ақтау қаласы түркі әлемінің астанасы болып жарияланады. Түркітілдес елдер делегацияларының көптеген іс-шаралары мен ресми сапарлары жоспарлануда. Бұл бізге одан әрі тығыз ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді, - деді Эльчин Маммадов.
Өз кезегінде Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 175 миллион АҚШ доллар болғанын, сондай-ақ сыртқы сауда қатынастарының маңызды рөлін атап өтті.
- Менің ұсынысым - үлкен ресми кездесулерді күтпей-ақ, өзара келісіммен бірлескен жобаларды орындап, екіжақты қарым-қатынастарды дамытуымыз керек. Өздеріңізге мәлім, Маңғыстауда жеміс-жидек өспейді, өңірге сырттан, яғни өзге республикалардан тасымалданады. Осыған орай, Маңғыстау облысының Әзербайжан республикасынан халық тұтынатын азық-түлік тауарларын, оның ішінде жеміс-жидектер және құрылысқа қажетті материалдарды алу туралы ұсыныс білдіргім келеді. Сондай-ақ, Маңғыстау өңірінің туризм саласын дамытуға күш салып, бұл бағытта нақты шараларды қолға алуымыз керек, - деді Нұрдәулет Қилыбай.