Маңғыстау туризм колледжінде мектеп оқушылары мен ата-анаға арналған ашық есік күні, шеберлік сағаты өтіп жатыр. Шараның мақсаты – оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру, мамандық таңдауға қатысты кеңестермен бөлісу, - деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты.
Ашық есік күніне 25 мектептен 280 оқушы жетекшісімен және ата-анасымен келді. Шара барысында аспаз, кондитер, мейрамхана ісі, туризм, аудармашы мамандықтары бойынша консультация алды. Колледжде және аймақтық дәрежеде ұйымдастырылған «WorldSkills», «Master skills» сияқты конкурсқа да оқушылар шақырылды. Оқытушылар құрамы және өндірістік оқыту шеберлері ұйымдастырған «Baby skills» конкурсында бастауыш сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қатысты. Осы жолы 3 балабақшадан 52 бала келіп, уақытын өте пайдалы әрі қызықты өткізді. Мұнан бөлек колледжге кәсіби бағыт-бағдар алу үшін «Рай» дағдарыс орталығы келген.
«Оқушылар мен ата-анаға кәсіби бағдар беру үшін арнайы мобильді топ құрылды. Құрамында оқытушылар, өндірістік оқу шеберлері мен студенттер бар. Биыл шара екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сұранысқа сай мамандықты таңдау жолында кездесулер, шеберлік сағаттары жиі өтеді. Жалпы жастар мамандық таңдауда «қалаймыннан» бөлек «қолымнан келеді» және «қажет» деген бастамаларды қаперге алғаны дұрыс. Еңбек нарығын терең сүзгіден өткізіп, заманға сай мамандық түрін таңдағаны жөн. Бұл ретте, әрине, ата-ана, кәсіби бағыт-бағдар беретін арнайы мамандардан кеңес алу маңызды», - дейді колледж басшының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Жанабаева.
Маңғыстау туризм колледжі 2009 жылдан бері еңбек нарығында сервис және қызмет көрсету саласы бойынша 5 мамандық («Қонақ үй бизнесі, Тамақтандыруды ұйымдастыру, Аударма ісі, Туризм, Маркетинг), 7 біліктілік бойынша мамандар даярлап келе жатқан оқу орны.