Ақтауда облыс прокуроры «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ және CNPC шетелдік компаниясының, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ақтау қаласындағы басшыларымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері қатысты.
Жиында «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ мен оның мердігерлік сервистік ұйымдарының тарифтік төлемдерін қайта қарау және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау жөніндегі мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында «ҚМГ» ҰК» АҚ өкілдігінің басшылығына және CNPC шетелдік компаниясының вице-президентіне «ММГ» АҚ еңбек ұжымдары мен мердігерлік сервистік ұйымдардағы әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс берілді.
Облыс прокуроры Руфат Құттықов қызметтер мен жұмыстарға берілетін тарифтерді бекіту бойынша бірыңғай тетікті әзірлеу қажет екенін айтты.