Биылғы Жолдаудағы нақты айтылған мәселелер көңілге қонымды шыққан. Мені маман есебінде еліміздің ауылшаруашылығы бағыты қатты алаңдатады. Әсіресе, су мәселесі. Бұл мәселе, тек Қазақстан елін ғана емес, әлем жұртшылығын ойландырып отырған өзекті мәселе болып отыр. Осы орайда, Жолдаудағы су ресурстары мәселесі жан-жақты қамтылғанына қатты риза болдым. Мәселен, бұл туралы Президент «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін» деп алаңдаушылық білдіреді. Сондықтан су көздерін көршілес елдермен ортақ, еншілес пайдалану, туындаған мәселе болса, әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек екендігін айтады.
Мемлекет басшысы су мәселесін айта отырып, оны шешудің тетіктері мен амалдарын нақты көрсетіп, тереңінен жан жақты талдағаны, басқа да өзекті мәселелерді айтып, көтергені құптарлық. Осы бағытта барлық су мамандары және осы суға қатысты барлық мәселеге біз немқұрайлы қарамауымыз керек. Оған өз үлесімізді қосуымыз керек, тіптен оны өз міндетіміз деп қарауымыз керек.
Сонымен қатар, су мамандары С.Сейфуллин атындағы ұлттық агротехникалық зерттеу университеті,Алматы қаласындағы ұлттық аграрлық университеті, Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы университеті және Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы университетінде, басқа да еліміздегі беделді оқу орындарында дайындалып келгені белгілі.
Үкіметіміз бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай, Өзбекстан елінің Ташкент университетімен бірге жұмыс жасап жатқаны көңіл қуантады. Жоғары оқу орындарының мұндай байланысы келешекте де кесіліп қалмай, жалғасын тауып, ауқымы кеңейе бергені дұрыс деп есептеймін. Сондықтан ауыз судың сапасы да қатаң ескерілуі керек.
Ал облыстық Мәслихат жанындағы агрокеңесте осы өңірдегі су мәселесін жан жақты талдап, қарастыруымыз керек және өлкемізден су жөніндегі жас кадрларды оқытып, дайындау мәселесі де күн тәртібінде тұруы тиіс. Себебі қазір қолда бар су мамандары үлкейген, сондықтан білімді де білікті жас су мамандары ауадай қажет.
Роза МАХАМБЕТОВА,
Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.
«Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық Маслихат жанындағы агрокеңес мүшесі