Маңғыстау облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты полиция патрульдік қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тәулік бойы барлық бағыттағы жолдар мен тас жолдарды бақылап отыр. Сонымен бірге, тәртіп сақшылары жолда қалған көлік иелері мен малдарға көмек көрсетті.
Патрульдік көліктердің арқасында жолға шыққан мыңдаған көлік ешбір оқиғасыз діттеген жеріне жетті.
Сонымен қатар, дизельдік отынның қатып қалмауы үшін полицейлер түнде көпірдің астына жеңіл және жүк көліктерін орналастырды.
Тас жолдарда қараусыз қалған малдарды да полицейлер үсік шалудан аман алып қалды.
Жүргізушілермен тәулік бойы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дөңгелектер мен көліктердің жағдайы тексеріліп жатыр.
Қазір облыс орталығында және республикалық маңызы бар тас жолдарда қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Облыс тұрғындары мен қонақтарын жолдар жабылған кезде түсіністік танытып, аса қажет болмаса алыс сапарға шықпауды сұрайды.